Құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген және онкологиялық қызметті кешенді жаңғыртуға бағытталған. Бұл – тиімділігі жоғары ерте диагностиканы енгізуді, мамандандырылған емдеуді, паллиативтік көмек пен оңалту сапасын арттыруды, сондай-ақ кадрлық әлеует пен ғылымды нығайтуды көздейді. Жоспарланған іс-шаралар ерте диагностиканы жақсартуға, мүгедектікті азайтуға және онкологиялық науқастардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Мәселен, әрбір өңірде соңғы үлгідегі қондырғыларды орнату арқылы науқастар әлемдік стандарт деңгейінде заманауи сәулелік ем алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар қажетті дәрі-дәрмектерге қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық кешендерді пайдалану жоспарланып отыр, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтады. Бұдан басқа, онкологиялық ауруларды емдеу шеңберінде телемедицина және жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдалану көзделеді. Жалпы онкологиялық көмек көрсету еліміздің барлық өңірлерінде бірыңғай стандартқа ие болады.
Кешенді жоспардың негізгі міндеттерінің бірі – онкологиядағы заманауи стандарттарды қолдану арқылы республика аумағында онкологиялық науқастарға қажетті медициналық көмектің толық кешенін қамтамасыз ету. Қазақстан мен ең дамыған елдер арасындағы медициналық көмек көрсету сапасының алшақтығын азайту үшін қазіргі уақытта стационарлық емдеуден амбулаториялық терапияның неғұрлым заманауи түрлеріне көшу жоспарланып отыр.
Бұл ретте онкологиялық ауруға шалдыққан балалар мен олардың заңды өкілдерінің біріне химиотерапияның қарқынды курстарынан өтуі үшін көлік шығындарын өтеу жоспарланып отыр.
Жоспарланған шараларды іске асыруға орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды, сондай-ақ медициналық ұйымдармен қатар үкіметтік емес ұйымдарды да тарту жоспарланған. Олардың қатысуымен тақырыптық қайырымдылық жобалары жүзеге асырылады.
Кешенді жоспар республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралды. Оның нәтижелері бойынша 460,7 млрд теңге сомасында қаржыландыру қолдау тапты. Жоспарды іске асыру нәтижесінде қатерлі ісіктің асқынып кеткен жағдайларының үлесі (III-IV кезең) 10%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Пациенттерді сәулелік емдеумен қамтуды арттыру 53%-ға жетеді. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді 100 мың тұрғынға шаққанда 64,5-ке дейін төмендету көзделіп отыр.
Айта кету керек, Қазақстанда жыл сайын онкологиялық аурудың 4%-ға өсуі байқалады, 2022 жылы 39 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелген. Бүгінде 205 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр. Бұған дейінгі Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру кезеңінде республикада қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 15%-ға төмендеді.