LAURA III фазалық зерттеуінің оң нәтижелері «АстраЗенека» компаниясы шығарған осимертинибті қолдану эпидермалдық өсу факторы (EGFR) рецепторын кодтайтын гендегі мутациялары бар III сатыдағы ота жасауға келмейтін ұсақ жасушалы емес өкпе обыры (ҰЖЕӨО) бар пациенттерде химиясәулелі терапиядан кейін (ХСТ) плацебоны қолданумен салыстырғанда, ХСТ-дан кейінгі прогрессиялық емес өміршеңдіктің (ПЕӨ) статистикалық және клиникалық маңызды өсуін қамтамасыз ететінін көрсетті.
Талдау кезіндегі жалпы өміршеңдік (ЖӨ) деректері толық жетілмеген, алайда осимертиниб тобында оң тенденция байқалды. Зерттеу аясында екінші соңғы нүктені — ЖӨ-ні бағалау жалғасады.
Әлемде жыл сайын шамамен 2,4 миллион өкпенің қатерлі ісігі диагнозы қойылады, оның 80-85%-ы ҰЖЕӨО-на келеді, ол – өкпе обырының ең көп таралған түрі1–3. АҚШ пен Еуропадағы ҰЖЕӨО пациенттерінің шамамен 30-40%-ында, ал Азиядағы пациенттердің 10-15%-ында EGFR генінде мутациялар кездеседі4–7. ҰЖЕӨО бар алты пациенттің біреуінен көбінде (15%) III сатыдағы өкпенің ота жасауға келмейтін қатерлі ісігі анықталады8.
Роберт Уиншип атындағы онкологиялық ауруларды зерттеу институтының атқарушы директоры (Эмори университеті, Атланта, АҚШ) Суреш Рамалингам (Suresh Ramalingam, MD) атап өтті: «Бұл нәтижелер EGFR генінде мутациялары кездесетін III сатыдағы өкпе обыры бар пациенттерді емдеуде үлкен жетістік болып табылады. Ол науқастарда аурудың ерте өршуіне және миға таралуына жоғары бейімділік байқалады, ал мұндай науқастар үшін мақсатты терапия жоқ. LAURA зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес, осимертиниб едәуір клиникалық артықшылықты қамтамасыз ете алады және III сатыдағы өкпе обыры бар пациенттерде мақсатты терапияның алғашқы препараты болуы мүмкін».
«АстраЗенека» компаниясының атқарушы вице-президенті және онкология саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер бөлімінің басшысы Сьюзен Гэлбрейт (Susan Galbraith) былай деді: «Емдеуге ықтимал келетін, ерте сипаттағы қатерлі ісігі бар пациенттерден алынған LAURA зерттеуінің деректері осимертинибтің EGFR геніндегі мутациялар кездесетін өкпе обырын емдеуге арналған негізгі препарат ретіндегі ұстанымды одан әрі нығайтады. LAURA мен ADAURA зерттеу нәтижелері өкпенің қатерлі ісігін ерте диагностикалау мен емдеудің ерекше маңыздылығын көрсетеді».
LAURA зерттеуіндегі осимертинибтің қауіпсіздігі мен төзімділігі туралы деректер осы препараттың бұрын сипатталған қауіпсіздік профиліне сәйкес келеді. ХСТ-дан кейін осимертинибті қолдау терапиясында қауіпсіздіктің жаңа проблемалары тіркелмеді.
Бұл деректер алдағы медициналық конференцияда ұсынылады және әртүрлі елдердің денсаулық сақтау органдарына беріледі.
Сонымен қатар, осимертинибті химиотерапиямен біріктіре қолдануды жақында АҚШ-тың реттеуші органдары FLAURA2 III фазалық зерттеу нәтижелері бойынша мақұлдады.
Өкпенің қатерлі ісігін мүмкіндігінше ертерек емдеуді енгізу бойынша өзіне алған міндеттемелердің бір бөлігі ретінде «АстраЗенека» компаниясы осимертинибті NeoADAURA III фазалық зерттеуінде неоадъювантты терапия ретінде қолдануды зерттейді, оның нәтижелері осы жылдың соңында күтіледі, сондай-ақ ADAURA2 III фазалық зерттеуінде ерте сатыдағы операциялық қатерлі ісікке адъювантты терапия ретінде зерделейді.