Талқылауға ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының, «СК-Фармация» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ және Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Нұрлан Ысқақов дәрі-дәрмектерді таңбалау мен қадағалауды енгізу сатып алуды тиімді болжауды, препараттардың өмірлік циклінің мониторингін қамтамасыз ететінін, сондай-ақ дәрілік заттардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтетінін атап өтті.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 34 дәрі-дәрмек өндірушісі 1046 дәрі-дәрмек шығарады.
Жалпы, 26 мыңға жуық субъект өз қызметін реттелетін салада жүзеге асырады.
Өз кезегінде дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу де препараттардың көлеңкелі айналымын төмендетуге бағытталған.
Кеңесте таңбалауды енгізудің проблемалық мәселелері және оларды шешу жолдары қаралды. Дәрілік заттар айналымына қатысушылар үшін қажетті жабдықтармен уақтылы жарақтандыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2021 жылдың 31 шілдесінде аяқталған дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаға 23 ұйым, оның ішінде өндірушілер, дистрибьюторлар, «СК-Фармация» ЖШС, Медициналық және дәріхана ұйымдары қатысты.
Пилоттық жоба аясында барлығы 86 мың дәрілік заттың қаптамасы таңбаланды.
Қазіргі уақытта Министрлік препараттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.