Кездесу барысында қазақстандық тарап ағымдағы ахуал, елдің фармацевтика саласын дамыту жөніндегі алдағы жоспарлар мен әлеуетті перспективалармен таныстырды. Атап айтқанда, қонақтарға Қазақстанда инновациялық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әзірлеу бойынша фармацевтикалық кластерлерді қалыптастыру, сараптаманың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа зертхана салу және жұмысқа енгізу сияқты бірнеше отандық бастамалар ұсынылды.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық бенчмаркинг құралы шкаласы бойынша реттеуші жүйенің үшінші жетілу деңгейіне жету мен отандық инспектораттың Фармацевтикалық инспекция саласындағы ынтымақтастық жүйесіне (PIC/S) қосылу бойынша Қазақстан тарапынан жүзеге асқан және алдағы жоспарлар талқыланды.
Айта кету керек, PQM+ бағдарламасы Қазақстанда 2014 жылдан бастап жұмыс істейді және осы уақыт аралығанда оның өкілдері қазақстандық реттеуші жүйенің көптеген жаһандық мақсаттарға қол жеткізуінде елеулі қолдау көрсетті, сондай-ақ отандық мамандарды оқыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарды.
Кездесуге қатысушылар атап өткендей, Қазақстан Республикасының фармацевтика саласын одан әрі жетілдіру, оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін дамыту үшін бірлескен жұмысты жалғастыру маңызды болып табылады.
Анықтама:
«Дәрілік заттардың сапасын ілгерілету» бағдарламасы (PQM+) — бұл АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) мен АҚШ Фармакопеялық конвенциясы (USP) арасындағы табысы төмен және орташа елдерде медициналық өнімнің сапасын қамтамасыз ету жүйелерін тұрақты нығайту мақсатында алты жылдық ынтымақтастық келісімі. PQM+ салааралық тәсілдер мен жүйелерді нығайту тәсілдері, сондай — ақ бүкіл фармацевтикалық жүйеде-реттеуші органдарда, сапаны бақылау зертханаларында, өндірістік кәсіпорындарда және одан тыс жерлерде сапаны қамтамасыз етудің халықаралық стандарттарын қолдану арқылы медициналық өнімнің сапасын жақсарту үшін жұмыс істейді.