Тамыз айында бүкіл әлемде Өкпе обырына қарсы күрес күні атап өтіледі. Өкпе обыры –қатерлі ісіктің басқа түрлеріне қарағанда көптеген адамның өмірін жалмайтын ең көп таралған онкологиялық кеселдердің бірі . Қазақстанда өкпе қатерлі ісігі онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында сүт безі обырынан (13,2%) кейінгі екінші орында (10%), ал өлім құрылымында бірінші орында тұр . ҚР-да жыл сайын 3500-ге жуық адам ӨО-мен ауырады. Күн сайын өкпенің қатерлі ісігі 6-7 қазақстандықтың өмірін қияды. Аурудың негізгі себебі – темекі шегу, оның ішінде пассивті шылым тарту да бар (барлық жағдайлардың шамамен 90%). Сондай-ақ, өкпе қатерлі ісігінің дамуы генетикалық сипатқа қатысты болуы мүмкін.
Ерте кезеңдерде ӨО еш симптомсыз болуы мүмкін, науқастардың тек 6%-ына аурудың бірінші кезеңінде диагноз қойылады, бұл уақытта хирургиялық емдеу көрсетіледі. ӨО жағдайларының көпшілігі кеш кезеңдерде анықталады – осы уақытта пациентке инновациялық терапия қажет болуы мүмкін.
Қадырбаева Рабиға Есенғалиқызы, кеуде қуысы онкологы, химиотерапевт, «ҚазОРҒЗИ» АҚ: «Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасында өкпенің қатерлі ісігі сияқты қауіпті аурудың дамуына әсер ететін көптеген факторлар бар. Экологиялық жағдай, темекі шегу, сондай-ақ генетикалық факторлар аурудың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Өкпенің қатерлі ісігі біздің елімізде онкологияның барлық түрлерінің арасында таралуы бойынша екінші және өлім-жітім бойынша бірінші орында. Көбінесе өлім-жітім жағдайы кеселдің кеш анықталуының салдары болып табылады. Өкпенің қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыру, онкологиялық сақтыққа тәрбиелеу және пациенттермен жұмыс жасау, оларды аурумен күресуге бейімдеу өте маңызды. Қазіргі заманғы ғылыми жетістіктер, атап айтқанда қазақстандық дәрігерлердің қолында бар инновациялық препараттар аурудың кеш сатысында да пациенттердің жағдайына қатысты болжамды жақсартуға мүмкіндік береді».
Смағұлова Қалдыгүл Кабаққызы, м.ғ.к., «ҚазОРҒЗИ» АҚ химиотерапия күндізгі стационары бөлімшесінің меңгерушісі: «Өкпе қатерлі ісігінің алдын алудың маңызды аспектілері қатарында темекі шегумен күресу, салауатты өмір салты бар. Ең тиімді скринингтік бағдарламаларды енгізу түріндегі ерте диагностика нәтижелерді жақсартуға айтарлықтай оң үлес қоса алады. Еліміздің тұрғындары арасында онкологиялық сақтықты дамыту ерекше қолдауды қажет етеді. Әрбір қазақстандық өзінде және жақындарында тұрақты жөтел, кеуде мүшелерінің жиіленген инфекциясы, тыныс алудың қиындауы, ентігу, ысқырықты сырылдар, қан түкіру, кеудедегі ауырсыну, айқын әлсіздік сияқты белгілердің пайда болуына назар аударуы тиіс. Уақтылы анықталған кесел – табысты күрестің кепілі. «Еркін тыныс ал» іс-шарасы – өкпенің қатерлі ісігі туралы білімді насихаттауға арналған тамаша бастама. Мұндай жобалардың республикада көбірек болуы маңызды».
Мария Шипулева, Қазақстандағы «АстраЗенека Ю-Кей Лимитед» ЖАК өкілдігінің директоры атап өтті: «Өкпенің қатерлі ісігі ауруымен күресу – Қазақстандағы «АстраЗенека» компаниясы жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Біз мыңдаған пациенттердің өмір сүру сапасын сақтау жолында өлімге әкелетін осы кеселді созылмалы санатқа ауыстыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда өкпе обырының мақсатты және иммундық терапиясы үшін екі «АстраЗенека» препараты тіркелген. Біз сондай-ақ аурудың диагностикасын жақсарту бойынша жобаларды дамытудамыз, бұл пациенттердің денсаулығы мен өмір сапасына зиян келтіруді азайта отырып, тиімдірек емдеуге жекелендірілген тәсілді әзірлеуге мүмкіндік береді. Біз көптеген пациенттерге көмек қолын созу үшін инновациялық молекулаларды әзірлеу бойынша жұмысты жалғастырамыз».
«АстраЗенека» өкілдігі Қазақстанда 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияның өкілдігі Алматы қаласында орналасқан.