Это старый сайт. Перейдите на НОВЫЙ

 

Әрбір сөз - жақсы өмір үшін!

Жұма, 22 Қараша 2024

Қазақстанда жыл сайын шамамен 22 мың бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді Featured

Rate this item
(0 votes)

press 11 2024«Кішкентай қадамдар үлкен мақсаттарға жетелейді» атты баспасөз конференциясы Халықаралық мерзімінен ерте туған балалар күні аясында өтті. Іс-шараға медициналық және пациенттік қауымдастықтардың жетекші сарапшылары қатысып, алғашқы күндерінде ерекше күтім мен арнайы жағдайды қажет ететін ерте туған нәрестелерді қорғау мәселесін талқылады. Баспасөз конференциясы Қазақстандағы AstraZeneca халықаралық биофармацевтикалық компаниясының қолдауымен өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бағалауы бойынша, ерте туған нәрестелер жүктіліктің 37 аптасына дейін, салмағы 2500 граммнан төмен және бойы 43 сантиметрге дейін болып туылған балаларды қамтиды. 2020 жылы мерзімінен бұрын туылған нәрестелердің үлесі әртүрлі елдерде 4%-дан 16%-ға дейін өзгерді1.

Гүлмира Бекназарқызы Алтынбаева, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ педиатриялық блогының жетекшісі, ҚазҰМУ-дың С.Д. Асфендияров атындағы неонатология кафедрасының доценті, жоғары санатты неонатолог, PhD:
«Қазақстанда жыл сайын шамамен 22 мың бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді2. Ерте босанудың себептері арасында ананың созылмалы аурулары, мысалы, қант диабеті, жоғары қан қысымы, бүйрек аурулары сияқты жағдайлар болуы мүмкін. Сондай-ақ көп ұрықты жүктілік және стресс маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта перинаталдық орталықтарда психологтар жұмыс істейді және ата-аналар үшін қолдау топтары бар, мұнда олар өз уайымдарын бөлісіп, көмек ала алады. Әр жағдай жеке қарастырылуы қажет, және ата-аналар өз жағдайына сәйкес әрекет етуі тиіс. Ең бастысы қорықпау, үміттен айрылмау және дәрігерлерді тыңдау керек».

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда 2000 жылы нәрестелердің өлімі 1000 тірі туылған сәбиге шаққанда 18,82 деңгейінде болған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 5 есе азайып, 7,68-ге жетті. Бүгінгі таңда бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш2. Дегенмен, әрбір санның артында нәрестелердің өмірі, отбасылардың тағдыры тұр. Сондықтан неонатологтар мен педиатрлар әр нәрестенің өмірін сақтап қалуға тырысады.

Ерте туған нәрестелер, жаңа туған кезеңде интенсивті терапия мен реанимациядан өткен, ауыр аурулардың даму қаупі бар топқа жатады. Бұған бронхопульмоналды дисплазия, ретинопатия, респираторлық дистресс-синдром және басқа да аурулар жатады3,4. Сонымен қатар, тыныс алу және иммундық жүйенің жетілмеуіне байланысты нәрестелер әртүрлі инфекцияларға және асқынуларға бейім келеді. Пневмония жағдайларының 50%-ы және бронхиолиттің 90%-ға жуығы нәрестелерде респираторлық синцитиалды вируспен (РСВ) байланысты5. Бұл қоғамда аз айтылатын мәселе, бірақ РСВ нәрестелердің 1 жасқа дейінгі өлімінің екінші жиі кездесетін себебі болып табылады6.

Гүлнара Тәліпқызы Ташенова, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас педиатры: «РСВ-дан туындаған төменгі тыныс алу жолдарының инфекциялары жасөспірім және ересек жаста да қайталанатын сырқаттарға және бронхиалды астмаға әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстанда ерте туған нәрестелерді РСВ-дан қорғаудың қолжетімді шаралары бар – РСВ инфекциясының алдын алу үшін пассивті иммунизация жасалады. Үлкен жастағы ерте туған балалар созылмалы инфекциялық емес аурулар қаупі жоғары топқа кіреді. Сондықтан РСВ алдын алудың және педиатриялық деңгейде көрсетілетін кәсіби көмектің маңызы зор. Біз ерте туған балаларды кешенді, динамикалық және көпбейінді қолдау арқылы олардың өмір сапасын арттыруға тырысамыз».

Айнагүл Мұханқызы Қуатбаева, ҚР ДСМ «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының директоры, м.ғ.к.:
«РСВ – бұл РНҚ-вирус, тыныс алу жолдарының ауруларын тудырады. Оны екі жасқа дейін барлық дерлік балалар бастан өткізеді. Денсаулығы жақсы ересектер мен балалар үшін РСВ тек жеңіл суық тию ретінде өтеді. Ал мерзімінен ерте туған балалар үшін инфекция тыныс алу жолдарының ауыр асқынуларын тудыруы мүмкін. Қоңыржай климат жағдайында РСВ жыл сайын қыстың ортасында эпидемия тудырады. Ылғалды климатта сырқаттың таралуы жаңбырлы маусымда басталады. Алайда 2020 жылы РСВ маусымдылығы COVID-19 пандемиясына байланысты профилактикалық шаралар нәтижесінде өзгерді. Енді бұл инфекцияны жылдың кез келген уақытында жұқтыруы мүмкін».

«BEKZAT» шала туған балаларға көмек қорының негізін қалаушы Б.Н. Ташманов:
«Ерте туған баланың әкесі ретінде мен ата-аналардың және мұндай балалардың отбасыларының қандай қиындықтарға тап болатынын жақсы түсінемін. Менің жеке өмірлік жағдайым мені мерзімінен ерте туған балаларға көмек қорын құруға итермеледі. Алғашқы бірнеше айда бала, дәрігерлер және ата-аналар өмір үшін күреседі, бұл психологиялық тұрғыдан өте қиын. Сондықтан біз отбасыларға психологиялық, ақпараттық қолдау көрсетеміз, қажет болған жағдайда балалардың қауіпсіздігі үшін жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Қиын жағдайға тап болғанда, осындай мәселелерді бастан кешкен адамдардың қауымдастығы өмірдің күрделі кезеңінен өтуге көмектеседі».

2024 жылғы 17 қарашада Халықаралық ерте туған балалар күніне қолдау көрсету мақсатында Алматы және Астана қалалары жаһандық бастамаға қосылды. Көктөбе телемұнарасы мен «Нұр-Әлем» болашақ энергиясы мұражайының сферасы мерзімінен бұрын туған балалар мен олардың отбасыларына қолдау мен қамқорлықтың символы ретінде күлгін түске боялды.

Дереккөздер:

  1. https://www.who.int/ru/news-room/fact-sheets/detail/preterm-birth
  2. Резервы снижения ранней неонатальной смертности в Республике Казахстан по результатам конфиденциального аудита. Чувакова Т., Карин Е., Джаксалыкова К., Жумабаева А. DOI34689/SH.2021.23.5.006. https://bala.stat.gov.kz/mladencheskaya-smertnost/ (дата доступа 15.11.2024)
  3. Новые возможности выхаживания и абилитации недоношенных детей ,Абдуллаева Г. М., Батырханов Ш. К.
  4. Wassner AJ, Brown RS: Hypothyroidism in the newborn period. Curr Opin Endocrinol Diabetes Obes 20(5):449–454, 2013. doi: 10.1097/01.med.0000433063.78799.c2 (дата доступа11.2024)
  5. Domachowske JB, et al. MEDLEY Study Group. Safety of Nirsevimab for RSV in Infants with Heart or Lung Disease or Prematurity. N Engl J Med. 2022 Mar 3;386(9):892-894. doi: 10.1056/NEJMc2112186. PMID: 35235733.
  6. Oxford Vaccine Group. Respiratory syncytial virus (RSV). Vaccine Knowledge Project. Updated November 22, 2019. Accessed December 21, 2021.
    https://vk.ovg.ox.ac.uk/vk/rsv
Read 99 times

БАЙЛАНЫСТАР

«PharmReview» ЖШС.

Тел.: +7 707 738 99 70.

Директор: Ольга Баимбетова

(e-mail: baimbetova.o@mail.ru).

Scroll to top