Бұрын дистрибьюторлар үшін қолжетімсіз болған, көлік қаптамаларындағы тұтынушы және көлік кодтарын біріктіру процедурасы қоймаларда алғаш рет жүзеге асырылды. Агрегация дистрибьюторларға қолжетімді болғанға дейін кодтау және паллеттеу тек өндіріс орнында болды, бұл дәрі-дәрмектерді қабылдау және жіберу процесін айтарлықтай баяулатты. Енді Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының сәтті тәжірибесінің арқасында ауруханалар мен дәріханалар бір әрекетпен үлкен қорапқа оралған жүздеген түрлі дәрілерді қабылдай алады.
Алматы және Қостанай қалаларындағы «СК Фармация» қоймаларында жұмыс барысында бірқатар дәрілік заттар қабылдау-жөнелтумен әртүрлі деңгейде жинақталып, электронды құжат айналымы жүйесінде қабылдау-тапсыру актілеріне қол қою жұмыстары да жүргізілді.
Оның үстіне қойма қызметкерлері дәрілік заттарды – глюконил мен бисопрололды бір көлік қаптамасына біріктіріп, екі дәрінің атауын бір кодқа біріктіруге мүмкіндік беретін жаңа жинақтау кодтарын қалыптастырды. Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі жұмыс істейтін ЕАЭО елдерінде мұндай тәжірибе бұрын жүргізілмеген-ді. Фармацевтикалық компаниялардың қызметкерлері бұл процедураның маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті:
«Бұған дейін біріктіру тек өндірушілерге ғана қолжетімді болатын, біз дистрибьюторларға да осы кодтарды біріктіру мүмкіндігін беруді сұрадық, өйткені онсыз автоматтандырылған жұмыс мүмкін емес. Бұрын біз дәріханаға немесе ауруханаға жүздеген түрлі дәрі-дәрмектен тұратын қорап жіберсек, ондағы қызметкерлер әр дәрінің таңбалау кодын қабылдау үшін әр қаптаманы сканерлеуге мәжбүр болды. Енді қорапқа бір агрегаттық код қоямыз, ауруханада немесе дәріханада ол сканерленеді және қораптағы жүздеген түрлі дәрілер бірден бір әрекетте қабылданады. Бұл процедура әртүрлі кезеңдердегі тауарларды қабылдау процесін айтарлықтай жылдамдатады», - деді «СТОФАРМ» ЖШС ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Ерлан Жайынбаев.
Агрегация фармацевтикалық жеткізу тізбегінің қауіпсіздігі мен сенімділігін және тауардың тауар айналымының бір қатысушысынан екіншісіне өтуін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл бақылау мен ашықтықты жеңілдетеді және дәрілік препараттарды тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Фармацевтикалық өнімдерді жеткізудің бұл тәртібі сауда қатысушыларына уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, өткен айда таңбаланған дәрілік заттарды тәжірибелік режимде қабылдауды, жөнелтуді және айналымнан алуды Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор Қазақстандағы дәрілік заттардың бірыңғай дистрибьюторы «СК-Фармация» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың заманауи жүйесі қаптау желілерін айтарлықтай жаңартып, бизнесті жалған жасау мен алаяқтықтан қорғайды.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда 90 дәрілік заттарды цифрлық таңбалаудың бірінші кезеңі енгізілген болатын. Сарапшылардың пікірінше, таңбалау және қадағалау жүйесі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын жақсартуы керек, осылайша пандемия кезінде байқалғандай олардың ықтимал тапшылығын болдырмайды.
Цифрлық таңбалаудың мақсаты – цифрлық бақылау технологиялардың көмегімен көлеңкелі фармацевтикалық нарықты жою. Бұл бүкіл әлемде сауданың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қолданылатын Track&Trace жүйелерінің бір түрі болып табылады.
Бақылау функциясынан басқа таңбалау жүйесі тұтынушыларға дәрілік заттың жарамдылық мерзімін және сатып алынған дәрілік заттың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті рұқсат етілген бағаға сәйкестігін білугемүмкіндік береді.